Өмірқұл Айниязов
Бір шәугім шай барма еді естеріңде,
Қара шәугім қайнайтын пештеріңде.
Қайран анам малынып қара терге,
Таңертең, түс, құятын кештеріңде.
Қайран анам малынып қара терге,
Таңертең, түс, құятын кештеріңде.
Қойдың қиы – отыны құрғақталған,
Қара мұржа түтіні будақталған.
Таң бозынан тұратын қайран анам,
Бір шәугім шай құятын қаймақталған.
Таң бозынан тұратын қайран анам,
Бір шәугім шай құятын қаймақталған.
Тезек теріп келуші-ек қыраттардан,
Су әкеліп құятын бұлақтардан.
Қара шәугім қалдың-ау қара қоста,
Қанат қағып өзіңнен жырақтағам.
Қара шәугім қалдың-ау қара қоста,
Қанат қағып өзіңнен жырақтағам.
Бір шәугім шай ішейік сыр ақтарып,
Анамызды ешқашан жылатпайық.
Келіп-кетіп тұрайық сағынышпен,
Айлап емес ара күн бір апталық.
Қара мешің құт болып тұра берсін.
Тамған терін анамның құлатпайық.
Жайлаукөл кештері.
Алаулап күн батса қырды асып
Кетуші ек, қалқатай, сырласып
Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені
Есте ғой, дариға, Жайлаукөл кештері
Ай туып, жұлдыздар жанғанда
Қол созып көктемгі арманға
Жүрген кез жүректен, жүректен өшпеді
Жақсы еді, дариға, Жайлаукөл кештері
Мүлгіген тыныштық, айдала
Шу бойы ырғалып жай ғана
Гүлдерді тербетіп самалдың ескені-ай
Аңсаттың, дариға, Жайлаукөл кештері