Адалбақан — киім және тағы басқа үй мүліктерін ілуге арналған қазақтың үй жабдығы. Адалбақан киіз үйге кірген тұсқа қойылатын болған. Киіз үй сүйегінің құрамына тікелей енбегенімен, міндетті түрде шебердің қолынан шығар дүниеліктің бірі болып табылады. Адалбақан сөзінің мағынасы «адал» сөзі парсының халал деген сөзінен шыққан, ал, бақан сөзі киіз үйдің шаңырағы мен түндігін көтеруге пайдаланатын, бір басы ашалы ағаш. Халық ұғымында адалбақан қасиетті таза мүлік деп есептеген. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында Калкин Жанболат Ноянұлы деген шебердің қолынан шыққан адалбақан сақтаулы. Адалбақан ағаштан ойылып, ақ металды, теріні әсемдік үшін пайдаланып, лакталып жасалынған.
Адалбақан көбінесе бұтағы көп жас қайың мен шыршадан жасалады. Сәнді болу үшін, оның сыртын бояулармен өрнектеп сырлайды, бүршікбас алтын, күміс шегелермен нақыштайды. Адалбақан төрт бөліктен тұрады. Бойында тоғыз темір ілгіші болады. Адалбақанның төменгі жағын жерге көміп қоятындықтан көркемдемеген.Негізінен бұл бұйымды еліміздің әр өңірінде әртүрлі етіп жасаған. Ертеде адалбақанды қару-жарақ іліп қою үшін қолданған. Бертін келе ол киім ілетін ілгішке айнала бастады.