Ақмола облысында Щучье ауданының тұрғындары наразылыққа шықты. Аудандық әкімдік алдын қамаған олардың ашуына себеп болған жайт, жергілікті биліктің бұршақ ұрғаннан соңғы халықтың жағдайын білмегені болып отыр. Бас жарылып, үй қирады деп шу шығарған елдің әкім-қараларға айтары көп. Ал билік өкілдері шығын есептеуге уақыт кетеді деп ақталуда. Айта кетейік, өткен сенбіде аталған ауданда бұршақ жүріп өткен болатын. Үлкендігі тауық жұмыртқасындай мұз кесектерінен, 7 адам жарақат алып, миы шайқалған бір кісі ауруханада жатыр.
Шәпиевтар отбасы түскі асын ішіп отырғанда үй төбесі тасырлай жөнелген. Алғашында не болғанын түсінбеген отбасы, далаға атып шыққанымен, мұз кесектері оларды ішке қашуға мәжбүрлепті. Бірақ, қара бастарын аман сақтағанмен, үй шатыры мен терезелерді бұршақ қиратып өткен.
Шолпан Шәпиева, Щучье қаласының тұрғыны:
-Үлкен үлкен бұршақ жауды. Ол даже тауықтың жұмыртқасынан үлкен,қаздың жұмыртқасындай. Өздеріңіз көріп тұрғандай шұрқ-шұрқ шатырымыз.Терезелер сынды. Огород. Огородтан как мамай прошел.
Щучье қаласында бұршақтан зардап шеккен жалғыз бұл отбасы ғана емес. Көліктерінің терезелері сынып, кабиналары шұрық тесік болған жұрт қазір жөндеу орындарын жағалап жүр. Тіпті денсаулығына зиян келгендер де бар. 7 адам жарақат алса, басы жарылып, миы шайқалған Жұмабике Смайылова қазір ауруханада жатыр. Ал, табиғат келтірген шығынды кімнен өтерін білмеген жұрт, бүгін әкімдіктің алдына жиналды. Дер кезінде жағдайымызды білмеді деген олардың аудан басшылығына өкпесі қара қазандай.
Сергей Писарев, Щучье қаласының тұрғыны:
-Бүтін бір аудан зардап шегіп отырмыз. Елең еткен бір басшы болсашы. Өтініш жазып ек оны қабылдамады. Не бұл өзі.Сонда кім көмектеседі. Төтенше жағдай емес пе?
Ал, аудан басшысының сөзінше, шығын есептелу үстінде. Арнайы құрылған комиссия зардап шеккендер мен материалдық шығынға ұшырағандар санын, шығын көлемін есептеп жатыр деп ақталады.
-Халық,ау халық айтыңдаршы, неге олай жала жабасыңдар.?Қазірдің өзіде 170 өтініш қабылдадық қой. Шешіледі. Жағдайға қарай шешеміз.
Естеріңізге сала кетсек, Ақмола облысының аумағында өткен сенбіде бұршақ жауған болатын. Бір қызығы, дәл осы күні синоптиктер облыс аумағында 36 градус ыстық болады деп хабарлама таратқан. Неліктен бұршақ туралы ескертілмеді деген сауалға әзірге жауап жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
03.07.2017
https://www.ktk.kz/kz/news/video/2017/07/03/79556