Уа, армысың, Қарқаралы қазылық,
Іштегі шер, хатталып жыр жазылып,
Жүрген жанмын, ойымды алау от кеулеп.
Елге жаймай, өзімді-өзім мәз қылып.
Қарқаралы сеңгір таулар бөрікті,
Қара орманың-бұйра шашың көрікті.
Сиқырлы су шыңға өрлеген «Шайтан көл»,
Таңғажайып ертегі-аңыз өріпті.
Кендарадай сырмақ түсті баурайың,
Сыр мен сымбат, қарағай мен тал-қайың.
Ана пейіл тоғай іші бауырмал,
Құшағың жай, гүл-майсаға аунайтын.
Тас қамалдар, ел қорғаны қаланған,
Сыр шертеді көне түркі ғаламнан.
Сарыарқадай ұшан-теңіз даламда,
Табиғаттан тұлғаң ерек жаралған.
Ел құмартқан шырша ғұмыр жазы деп,
Жер қойнауың алтын кеніш қазып ек.
Тілмен түйген Еліміздің елдігін,
Ұлы Баба, Қаздауысты Қазыбек!
Көгілдір тау, жасыл тоғай өлкем-ай,
Жат қызыққан мың сан бұлақ, көлге бай.
Қазақ елін, Байтақ жерін қорғаған,
Бір туар ер, батыр баба Сеңкібай!
Қас табиғат ойған шебер қашамай,
Зәулім үңгір қатпар-қатпар тасқа бай.
Бір келгенде-ақ Алты Алаштың данасы,
Дауалатқан көкірек көзін жас Абай.
Көл жанарға төңкерілген нұрлы аспан,
Нүркен-Тоқтар қаһарманды жыр-дастан.
Екі сұңқар: бірі Отанды қорғаса,
Екінші-ер, ғалам шармен сырласқан.
Қарқаралы, Қаракесек-Мәди-үн,
Қасым, Қапан-муза бағым, ән-дүйім.
Домбыраны тебірентіп, термелеп,
Мөлдіреткен Тәттімбетті сал діл-күйін!
Уа, қасиетті Қарқаралы қазылық,
Бітпейді жыр, айтылмақ сыр жазылып.
Мәңгі тауым, жасыл бауым, көрсетші.
Арқа белін, әлемге әйгі жаз қылып?!
Арман тау, жасыл жұмақ жер ардағы,
Көргенше патша көңіл құмар тағы.
Сұңқар ұя, көл жанарлы Бұғылы шың,
Тас жарған қарағайлар тұмар бағы.
«Шайтан көл» аққу жүрек лүпілдеген,
Жартаста өскін тамыр бүлкілдеген.
Жұпары жанға дәру самал есіп,
Сыланып шынар айдар үлпілдеген.
Сағыныш мөлдіретер жанарға шық,
Білінбес назды әуенмен ара қашық.
Енгендей гау құшаққа тебіренейін,
Қандырып жан құмарынбала ғашық.
Кіршіксіз мөлдір сезім, тұңғыш таным,
Әлі есте тау саяңда нұр құшқаным.
Туған жер Қарқаралым, абат бағым,
Ұшырдым сағыныштың жыр құстарын.