«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Біз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кеткенбіз. Атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол, қызықтысы – ұлын ұяға қондыру, қызын қияға ұшыру, бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін түсіру болған. «Алып анадан туады» дегенді түптей түсінген қазақ елінде ананы ардақтау, сыйлау, оның ішінде жаңа түскен жас келінді құрметтеу бұзылмас салт-дәстүрге айналған. Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтіндігін дәлелдейді...